Неге сенің жігітің жоқ?
Бәрін тағдыр мен бір Жаратқанның жазғанына ысырып тастап, қол қусырып қарап отыруға болмас. «Неге менің жігітім жоқ?» деп өзіңе сұрақ қоясың ба? Жауабы бар ма? Біріге отырып, осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік.
Сырт болмысыңа бола жасқаншақтанасың
"Қыпша бел, ұзын аяқты, ботакөз болсам ғана маған жігіттер назар аударар еді!" деген ойдан арыл. Айналаңа қарашы, барлық таныстарыңның түр-пішіні модельдерге сая ма? Жоқ па? Олай болса, өзіңнің оңбай қалған фигураң мен диета, май кетіретін дәрілеріңді жұрттың көзінше айта бермей, спортпен шұғылдан.
Араласатын адамдарың аз
Жылы диваныңнан тұр да, өміріңді теледидар бағдарламаларына сәйкестіруді доғар. Әлем әке-шешең мен жақын құрбыңнан тұрмайды. Және шақырылған кештерден басыңды ала қашуды қой. Әсіресе танымайтын адамдар көп болатын жерден бас тартпа. Болмаса, арманыңдағы жігітпен қайда таныспақсың? Диванда, теледидардың алдында ма?
Сен өзіңді ұялшақпын деп санайсың
Сымбатты бір жігітті көргенде тілің байланып, не деріңді білмей, күле беруден басқа амал таппайсың. Ал былайғы өмірде ата-анаңмен, әпкеңмен қалай сөйлесесің? Олардан ұялмайсың ба? Егер табиғи ұяңдық пен ұялшақтық өмір бойы толыққанды өмір сүруге кедергі келтіріп жүрсе, театр үйірмесіне жазыл. Айтпақшы, онда да небір әдемі жігіттер жүреді.
Құрбыларыңа сүйсінесің
Сен әрдайым біреудің ығына көне салуды жөн санайсың. Біреудің жүріс-тұрысын, болмысын қайталайсың. Мына сұраққа жауап берші: Жігіт біреудің көшірмесін қалай жақсы көреді? Көшірмені қойып, түпнұсқаны көрсететін кез келді.
Тым көп ақылгөйсисің
Әрдайым жымиып жүр. Және шамадан тыс ақылгөйсіме. Өзіңнің керемет жетістіктеріңнен басқа әлемде сан мыңдаған қызықты тақырыптар толып жатыр.
Жаныңа жолай қалған жігітті кекетіп, мұқатып тастайсың
Өкінішті, бірақ өткір тіліңмен тек өзің ғана жеңілесің. Өзіңді еркін ұста, әлемге нұр шашып жүрсең, адамдар саған өздері-ақ тартылады.
Таныса салып, болашақ пен өмір жайлы әңгімелесуді бастайсың
Әрбір танысу – жүрумен, ал жүру – бақытты отбасымен аяқталуы керек деген ойыңмен жігітті «бақытты» етуге асықпа. Жігіттер әдетте қарым-қатынас жайлы әңгімелерден қашқақтайды. Ішіңе сыймай бара жатса, құрбыларыңа айт. Жаңа танысқан жігітіңе қарағанда ол сені әлібетте қолдайды.
Ол саған лайық емес деп есептейсің
Әлі күнге дейін бір күні ақ боз атты ханзада келіп, хан сарайына алып кетеді дегенге сенесің бе? Бұл өте ұят. Айналаңдағы адамдарға дұрыстап зер сал. Жаныңа серік болар адам табылып қалуы әбден мүмкін.
Үйіңе қонақ болып келген әрбір жігітті аса қамқорлыққа бөлейсің
"Ештеңе жемедің ғой! Бас киіміңді кидің бе? Дала суық!" Оның денсаулығын бақылайтын, кеңес айтатын анасы бар шығар. Ал сенің тым қамқоршылдығың бір күні ашуына тиюі мүмкін.
Сенің көптеген жігіт достарың бар, бірақ ешқайсысы сені ғашық болуға болатын қыз ретінде қабылдамайды
Бәлкім, сен олармен басында-ақ достық қарым-қатынас құрып алған соң, кейін олар саған сөз салайын десе ыңғайсызданатын шығар, тіпті қыз ретінде қабылдамауы да мүмкін. Тым құрығанда басында «Өзім» деген ұраныңды қалтаңа сала тұршы. Шеге қаға алсаң да, атпен шаба алсаң да, бұл үлкен мақтаныш, алайда танысқан жігітіңнің алдында сәл қорғансыз бола тұрсаң ештеңең кетпейді.
Махаббаттан көңілің қалған
"Еркектердің барлығы оңбаған" деген тұжырыммен өмір сүресің бе? Онда саған да "Барлық әйелдер арам" деген жігіт табылады.